Қазақстан тау-кен палатасы EITI Global Conference 2026 конференциясында: ашықтық, инвестициялар және халықаралық ынтымақтастық
Қазақстан тау-кен палатасының президенті Руслан Баймишев 8–9 қазанда Бельгияның Брюссель қаласында өтіп жатқан Өндіруші салалардың ашықтығы бастамасының (EITI Global Conference 2026) халықаралық конференциясына қатысуда.
Transparency for Shared Prosperity («Ортақ өркендеу жолындағы ашықтық») ұранымен өтетін конференция 50-ден астам елдің үкіметтері, өндіруші компаниялары, азаматтық қоғамы мен халықаралық ұйымдарының 1 000-нан астам өкілін біріктіреді.
Талқылаудың негізгі тақырыптары — жауапты өндіруші салалардың болашағы, стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбаларға сұраныстың артуы, жеткізу тізбектерінің ашықтығы, келісімшарттар мен бенефициарлық меншік иелері туралы ақпаратты жария ету, деректерді цифрландыру және өндіруші сектордың тұрақты экономикалық дамудағы рөлі.
Конференция аясында халықаралық EITI бастамасының басшылық құрамы жаңартылды. Қазақстан тау-кен палатасы EITI-дің жаңадан сайланған Басқарма мүшелерін және оның төрайымы Мария ван дер Хувенді (Maria van der Hoeven) құттықтап, алдағы жұмыстарына табыс тілейді. Сонымен қатар Палата EITI-ді дамытуға және өндіруші салаларда ашықтық қағидаттарын ілгерілетуге қосқан үлесі үшін Басқарманың бұрынғы құрамына және оның төрайымы Хелен Кларкқа (Helen Clark) шынайы алғысын білдіреді.
Жаһандық белгісіздік жағдайында жауапты бизнес жүргізудің жоғары стандарттарын сақтау, сенімді нығайту және халықаралық ынтымақтастықты дамыту ерекше маңызға ие болып отыр. Бұл мәселелерге ЭЫДҰ Бас хатшысы, БҰҰ ЕҚБ атқарушы директоры және түрлі елдердің мемлекеттік лауазымды тұлғалары назар аударды. Өндіруші сектор экономикада және инвестициялар тартуда маңызды рөл атқаратын Қазақстан үшін жер қойнауын пайдалану шарттарының ашықтығы мен болжамдылығы инвестициялық тартымдылықтың негізгі факторлары болып қала береді.
Қазақстан тау-кен палатасы жауапты бизнес жүргізудің, ашықтық пен корпоративтік басқарудың жоғары халықаралық стандарттарын енгізу және ілгерілету бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Халықаралық бастамаларға қатысу Палатаға Қазақстанның тау-кен өнеркәсібінің мүдделерін жаһандық деңгейде таныстыруға және халықаралық серіктестермен диалогты нығайтуға мүмкіндік береді.
Палатаның EITI бастамасын іске асыруға қосқан нақты үлесінің бірі — Мүдделі тараптардың ұлттық кеңесінің (МТҰК) шешіміне сәйкес және Pallas Resources пен ГРК МЛД компанияларының демеушілік қолдауының арқасында Қазақстанның 2023–2024 жылдарға арналған EITI ұлттық есебін дайындауды қаржыландыруы.
Толығырақ:
– EITI есебі https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/article/details/24655?lang=ru
– EITI Global Conference 2026 https://eiti.org/eiti2026/