Skip to content

Қазақстан тау-кен палатасы Алматыда 16–18 қыркүйек аралығында өткен Mining and Metals Central Asia (MMCA 2026) көрмесіне дәстүрлі түрде белсенді қатысты. Биыл Палата форумның бірнеше негізгі алаңында — пленарлық пікірталастардан бастап халықаралық кездесулерге дейін — таныстырылды. Ал басты іс-шара Палатаның жеке стратегиялық сессиясы болды.

 

16 қыркүйекте Палата Президенті Руслан Баймишев «Қазақстанның тау-кен металлургия саласының болашағы: сыни минералдар, жобалар және өсудің жаңа мүмкіндіктері» атты пленарлық сессияда сөз сөйледі. Сондай-ақ ол «Жаһандық тау-кен өнеркәсібіне арналған канадалық сараптама және шешімдер» атты Канадалық сессияға қатысып, Палатаны және Қазақстанның тау-кен металлургия саласын алдағы жылдары дамыту жөніндегі көзқарасын таныстырды. MMCA жаңа халықаралық байланыстар орнату үшін маңызды алаң болып қала береді. Көрме күндері Палата бірқатар қауымдастықтармен, компаниялармен және әлеуетті серіктестермен кездесті.

 

Салаға тікелей диалог қажет

 

Палатаның негізгі іс-шарасы 17 қыркүйекте өткен «Қазақстанның жаңа саяси архитектурасы және тау-кен саласының болашағы» атты ашық стратегиялық сессия болды. Бір үстел басына Құрылтай, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Палата мүшелері болып табылатын тау-кен және геологиялық барлау компанияларының, салалық қауымдастықтар мен заң қоғамдастығының өкілдері жиналды (кездесудің қысқаша қорытындысы қоса беріледі: Қорытынды ҚТП MMCA26 170926).

 

Пікірталас барысында бүгінгі таңда саланы алаңдататын негізгі мәселелер ашық талқыланды: заңнаманың болжамдылығы, геологиялық ақпараттың сапасы мен қолжетімділігі, геологиялық барлауға салық салу, экологиялық реттеу, терең өңдеу және бизнестің мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылының тиімділігі. Талқылау барысында нақты ұсыныстар айтылды — жер қойнауын пайдалану саласында «бір терезе» қағидатын енгізуден бастап, геологиялық деректерді ашуда халықаралық тәжірибені қолдану және құзыретті органды реформалауға дейін.

 

Сессияның негізгі қорытындысы — салаға тек реформалар ғана емес, сонымен қатар бизнес, Құрылтай және мемлекет арасында тұрақты әрі тікелей диалог қажет. Палата бұл алаңды одан әрі дамытуға ниетті.

 

Сессия барысында Палата RG Gold компаниясын Қазақстан тау-кен палатасының стратегиялық демеушісі ретінде жариялады. Палатаның MMCA 2026 көрмесіне қатысуын дәстүрлі түрде Solidcore Resources және AQS компаниялары қолдады.

 

Белсенді қатысқаны үшін серіктестерімізге, спикерлерге және Палата мүшелеріне алғыс білдіреміз. MMCA аяқталды — диалог жалғасуда.